✅Әбубәкір (р.а.) және ауызашар.
Хазірет Әбубәкір ми қайнаған жаздың күні ораза ұстады. Кешкісін ауызашарда дастарханда бар болғаны бір тостаған су тұрды. Суық суды енді ауызға ала бере Әбубәкір (р.а.) әлдене еске түскендей еңкілдеп жылап жіберді. Өз-өзіне келгенде, қасындағылар одан неліктен жылағанын сұрады. Әбубәкір (р.а.) былай деп жауап берді:
– Бір күні пайғамбарымызбен (салаллаһу ьəлəйһи уә сәллам) отырғанда, әлден уақытта қолымен бір нәрсені кері итергендей қимыл көрсетті. Жақындамақшы болған біреуді өзіне жақындатқысы келмегендей әсер берді. Сәлден кейін мен:
– Уа, Алланың елшісі, жаңа қолыңызбен бір нәрсені кері итеріп жаттыңыз? – деп әлгі қимылының мәнін білмек болдым.
Сонда ол (салаллаһу ьəлəйһи уə сəллам): «Дүние қызылды-жасыл күйінде таяп келіп, өзін қабылдатқысы келді. Мен оны қасымнан қудым. Ол: «Ант етейін, сен менен қашып құтылсаң да, сенен кейінгілер менен құтыла алмайды, қайткенде де құрығыма ілінеді»- деп кетті» деп түсіндірді.
Хазірет Әбубәкір осыны айтып:
– Осы суық суды ішем деп мен де дүниеге құмартқан жоқпын ба?! – деп жыладым деді.
Әйгілі сахаба су ішкенге бола қорықса, күн сайын түрлі астан дәм татып жүрген біздерге қайткен жөн? Өлшемді ұмытып, дүниеге тым салынып кеткен жоқпыз ба?
Ойланайық!